Жаңалықтар

Балаларды қалай қорғаймыз?

Ақтөбелік үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері балалар зорлығына қатысты жазаны күшейтуге қатысты өз ойларын білдірді. Осы тақырыпта арнайы баспасөз мәжілісін өткізген қоғамдық ұйымдар белсенділері ата-аналар мен педагогтар атынан мемлекеттік органдар өкілдеріне, облыс тұрғындарына үндеу жариялады.

Балаға зорлық көрсету, бала ұрлау деректері қоғамның ең қорғансыз мүшелеріне қамқорлықты күшейту қажеттігін көрсетеді. Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері балаға қорлық көрсету оқиғаларын әлемдегі ең қатерлі құбылыс — терроризмге теңеп отыр. Сондықтан осындай қылмысқа барған адамдарға ең қатаң жаза қолданылуы керектігін айтады олар.

— Балаларымыздың үйдің табалдырығын аттап шыққан бойда қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмай отыр. Ешқайсысымыздың балаларымыздың зорлық-зомбылықтан толықтай қорғалмаған. Оған дәлел — қаламызда болып жатқан оқиғалар. Кеше ғана 5 жастағы қыз баланы зорлап кетті. Былтыр 5 жастағы баланың жоғалып кетіп, ақыры өлігі табылғаны туралы оқиғаны да қала тұрғындары ұмыта қойған жоқ. Бұл — жан түршіктіретін жайттар. Сондықтан біз қоғам болып осындай қылмыстарды болдырмау үшін, алдын алу үшін жұмыла кірісуге тиіспіз. Сондай зорлық жасаған адамдарды қатаң жазалау керек, заңды күшейту керек. Мәселен, елімізде терроризмге қатысы бар адамдар қатаң жазаланады. Балаларға зорлық көрсеткен қылмыскерлер де террористерден кем жазаланбауы керек. Біз осы мәселеге қатысты қоғам мүшелеріне үндеу тастадық, — дейді Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдар ассоциациясының президенті Айгүл Дүйсенова.

Шараға қатысқан «Ербақыт» патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаев, «Боевое братство» қоғамының төрағасы Гумер Галеев, «Сал аурына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Гүлмирам Сражова, Ақтөбе облыстық «Чернобыль құрбандары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Сатов, «Әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің психологі Ирина Жайлыбаевалар да өз пікірін білдірді.

— Бала зорлаған адамдарды аяусыз жазалау керек. Тіпті өлім жазасына кесу керек және бұл жазаны басқаларға сабақ болсын деген ниетпен бір-екі рет көптің алдына шығарып орындау керек. Біз соғысты көрдік, алайда ешқашан балаға оқ атқанымыз жоқ. Бейбіт күнде балаларымызды қорғай алмау тұтас қоғамға сын, — дейді Гумер Галеев.
Ал Гүлмирам Сражованың айтуынша, жазаны қатайтумен, кейбір пікірлерге сай, сондай адамдардың репродуктивті органдарын кесіп тастау арқылы да мәселені түбегейлі шешіп тастау қиын. «Ол адам физиологиялық жағынан қабілетсіз болып қалуы мүмкін. Бірақ мәселе адамның санасындағы жаман ниетте. Жаман пиғылды адамдар бәрібір жамандықтан тыйылмауы мүмкін ғой. Сондықтан ең алдымен баланың жан-жақтан қорғалуына жағдай жасауымыз керек», — дейді Г.Сражова.
Жақында Ақтөбеде бала зорлығына қатысты тағы бір оқиға тіркелген еді. Зорланған 5 жастағы қыз баланың отбасы бүгінде психологиялық, моральдық, тіпті материалдық көмекке зәру. Үкіметтік емес ұйымдар ассоциациясының президенті Айгүл Дүйсенованың айтынша, қазір балаға, оның ата-анасына жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр.

Бесіктен белі шықпаған баласының зорлыққа ұшырығанына жаны шыдамаған ананың еңірегенде етегі толады. Өздері сол оқиға болған жерге көшіп келгеніне бір айдай уақыт болыпты. Пәтер жалдап тұрады екен. «Балам қатты қорқып қалған, шошынып жылай береді. Аулаға шықпайды. Тіпті балаларымызды сыртқа шығаруға қорқып қалдық», — дейді анасы. Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдар ассоциациясы отбасына қолдау көрсетпек. Қазір отбасының басқа жерге көшуіне, пәтер ақысын төлеуге, балаларын басқа мектепке орналастыруға жағдай жасалып жатыр.

Қоғамдық ұйым жетекшілері балалар зорлығының алдын алуға бағытталған арнайы бағдарламалар әзірлеп, оны мәслихат депутаттарының назарына ұсынуға шешім шығарды. Сондай-ақ, заңға осындай қылмыскерлерді ату жазасына кесу немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру сынды жаза қолдану жөнінде өзгерістер енгізуге қатысты өз ұсыныстарын білдірмек.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button